Алтайдың ақтаңгері Ақтан ақын

2019 ж. 14 қараша 15.00-де А.С.Пушкин атындағы кітапханада белгілі жерлес ақын Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналған Жас ақындар мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталады. 

Ақтан Нұрбаев 1926 жылы 27 мамырда Катонқарағай ауданы, Берел ауылында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан облысының облыстық, аудандық газеттерінде 30-40 жыл бойы үнемі өлең жазып, жергілікті ақындармен айтыс өткізген. 

60-жылдарда Ақтан ақынның өлеңдері аудандық, облыстық, кейінірек республикалық баспасөз беттерінде жариялана бастады. Көзі тірісінде өзі кітап шығаруды құнттамаған ақынның балалары кейінірек «Сырымды айтам», «Айтып өткен ақында арман бар ма...» жинақтарын шығарды. Табиғи талант иесінің жырлары – оқырман жүрегінен орын алардай әдемі, әсерлі де шыншыл дүниелер.

А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапхана Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналған Ақындар мүшәйрасын Жастар жылында жастардың шығармашылығына қолдау көрсету үшін «Восток Агрохолдинг» ЖШС-нің демеушілігімен жариялаған.

Байқау шартына сәйкес 29 жасқа дейінгі жас сайыскер ақындар қазылар алқасы қарауына бұрын жарияланбаған екі өлеңін ұсыну қажет болған: біреуі ақын Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналса, екіншісі Шығыс Қазақстанның табиғаты, оның әдемі және қасиетті орындары мен нысандары туралы болу керек. Байқауға өлеңдерді қабылдау 2019 жылдың 25 қазанында аяқталды. 

Белгілі ақындардан құралған Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға республикалық бірнеше мәрте жыр сайыстарының жүлдегері, танымал жас ақын, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың магистранты, Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің ұстазы Дәулетберді Жекей ие болады. 

Бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті, облыстық «Дидар» газетінің тілшісі Оразай Жеңісұлы 2-орын иеленсе, танымал жас ақындар С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың студенті Естай Жаңабай және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Қуаныш Еркінұлы 3-орынды иеленеді. 

Арнаулы сыйлықтар аягөздік жас ақын Жандос Тұрсын мен өскемендік Мұхтар Сержанға беріледі. 

Ақындарды марапаттау шарасына жастарды және барлық  өнерсүйер қауымды байқау жеңімпаздарының  шығармашылығымен кеңірек танысуға, олардың  жоғары бағаланған өлеңдерін тыңдауға шақырамыз.

 

Поделиться материалом
Яндекс.Метрика
Copyright © 2007-2019
10253187