Әлемдік ойдың алыбы: кең көлемді кітап көрмесі

Абай атындағы кітапханда 11 қыркүйек күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында «Әлемдік ойдың алыбы» тақырыбында кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітапхана қорындағы Абай шығармаларын және абайтануға байланысты мол материалдарды оқырман ортасына ұсыну мақсатында ұйымдастырылған шараға студент- жастар мен қала зиялылары қатысты.

Абайдың мол рухани мұрасы мен Абай бейнесін танып-білуге байланысты материалдар 4 бөлімге топтастырылып, көрмеге қойылды. Көрме экспозициясына Абай шығармашылығы, музыкалық мұрасы мен ақынның мүсін-ескерткіштері жайлы мол ақпарат беретін материалдар қамтылған. Көрменің «Ақын мұрасы» бөлімінен оқырман қауым Кеңестік кезеңнен бастап жарық көрген, халқымыз сусындап отырған кемеңгер Абай шығармаларын оқи алады. «Абайдың музыкалық мұрасы» бөлімінен 20 ғасырда Абайдың музыкалық мұрасын жинақтап, нотаға түсірген А.Затаевич, Б. Ерзакович пен Л. Хамиди, А.Жұбанов, т.б. сынды музыка зерттеушілерінің еңбектері орын алды. Ұлы ақынның Тұрағұлдан туған немере қызы Мәкен Мұхаметжанованың музыкалық мұраны зерттеу ісіне қосқан үлесі, Абай әндерін алғаш орындағандар, ХХ ғасырда орындағандардың алдыңғы легі туралы баяндалды.

Абай бейнесі халқымыздың бейнелеу өнері мен скульптура жанрында, ән өнері мен поэзия жанрында талай тума таланттардың таңқаларлық туындыларына арқау болды. Кемеңгер ойшылдың тарихи тұлғасын сомдайтын басылымдар көрменің «Абай бейнесі бейнелеу өнерінде», «Тас мүсіндегі Абай», бөлімдеріне орналастырылды. Көрмеден орын алған шет елдерде Будапешт, Мәскеу, Ташкент қалаларында орналасқан ақын ескерткіштері мен Қарқаралыдағы дала данышпаны, елжанды әке мен балаға арналған таза мыстан жасалған ескерткіштің және ақынға арналған т.б. ескерткіштердің фотосуреттері қойылып, олардың тарихы мен мазмұны туралы ақпарат берілді.

Ұлы ақынның тұлғасын өзінің көзі тірісінде бейнелеген аса құнды тарихи құжат болып саналатын 1884 жылы Ростовтан Семейге жер аударылып келген әскери қызметкер, әуесқой суретші П. Лобановский салған Абай портреті, хакас халқының тұңғыш кәсіби суретшісі, «Жібек жіп шебері» атанған Григорий Аткнин зайыбымен бірігіп кестемен өрнектеген Абай бейнесі, Ә.Қастеевтің «Бала Абай», «Жас Абай», «Киіз үйдің жанындағы Абай»  сынды туындылары  оқырмандардың қызығушылықтарын тудырды.

Оқырмандарға тұрақты ұсынылатын кең көлемді кітап көрмесінің аталған бөлімдерінен шара қонақтары өзіне қажетті, қызықты, маңызды, сапалы ақпараттар ала алады.

Көрме бөлімдері алдағы уақытта үнемі толықтырылып отырады.

 

Поделиться материалом
Яндекс.Метрика
Copyright © 2007-2019
9736064