Ғасырлармен үндескен асыл қазына: жылжымалы кітап көрмесі

10 тамыз Ұлы Абайдың туған күнінде Павлодар қаласынан шыққан библиокеруен Нұр–Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына жетті. Астаналық әріптестеріміз библио-керуенді зор ықыласпен қарсы алды. Әріптестеріміз астаналықтарға «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» атты әдеби экспозияциялық жылжымалы кітап көрмесін жасақтады.

Жылжымалы көрмеде қаланың зиялы қауым өкілдеріне, ҚР ҰАК кызметкерлері мен пайдаланушыларына арнап, ХІХ және ХХ ғасырдың бірегей басылымдары, Шығыс өңірі  және ХХ ғасыр басындағы дала аймағын зерттеушілердің еңбектері туралы маңызды ақпарат берілді.

Әдеби көрменің «Семей – ғасырлар тоғысында», «Абай тұлғасы сирек басылымдарда» бөлімдерінде көрмеге қатысушылар Абай заманындағы басылымдардағы ғұлама ақын тұлғасына қатысты аса сирек кездесетін өлкетану дереккөздері-түпнұсқалармен қауышты. Сондай-ақ, кітапхананың тарихымен, 1902 жылы ашылған Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің басылымдарымен және саяси жер аударылған орыс өлкетанушыларының еңбектерімен кеңінен мағлұмат алды.

«Абай таныған кәусарлар» бөлімінде қоғамдық кітапхана сөрелерінен Абай оқып танысқан батыс ойшылдарының еңбектері, көңіліне жақын тұтып оқыған Л.Толстой, В.Жуковский, А.Пушкин, И.Крыловтай орыс классиктері, М.Лермонтовтың аудармалары арқылы Абай танысқан У.Шекспир, Ф.Шиллер, И.Гете, Дж.Байрон, Г.Андерсен сияқты батыс Еуропа классиктері шығармаларының үздік үлгілері ұсынылды.

Сонымен қатар, көрмеден орын алған Абай Құнанбайұлының Рақымжан Жаманқұлов пен Ықылас Адамбековтың редакторлығымен 1936 және 1939 жылдары баспа көрген латын қарпіндегі «Таңдамалы» өлеңдеріне қатысушылардың ықыласы зор болды. Елбасының «Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында ШҚО әкімі Даниял Ахметовтың қолдауымен жүзеге асырылған «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары таныстырылды.

Кітап көрмесі Абайдың жеке өмірі мен шығармашылығына қатысты фотосуреттермен және өлке зерттеушілерінің портреттерімен безендірілді. Қатысушыларға куар-кодталған шығармаларды мобильді қосымшаға жүктеу мүмкіндігі бар үлестірме материалдар таратты.

Шара соңында ҚР ҰАК басшылығы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында арнайы баспадан шығарған Абай шығармаларын кітапханамызға сыйға тартты.

Поделиться материалом
Яндекс.Метрика
Copyright © 2007-2019
10223166