Мұқағали – мәңгілік ғұмыр: әдеби-сазды поэзия кеші

9 ақпан күні Абай кітапханасында саф өлеңінің жүйрігі, ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Шабыт» клубының ұйымдастыруымен «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды поэзия кеші ұйымдастырылды.

Кешке Мәдениет қайраткері, сазгер, әнші Аймұхамбет Бейсембеков, қоғам қайраткері, журналист, ақын, сазгер Мұрат Әлин, жас ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Мерей Қарт, Семей мемлекеттік медицина университетінің, М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері, №16 Т.Аманов атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.

М. Мақатаев – қазақтың лирик ақыны, өз заманында лайықты бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақын. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылды. Бұл әндер бүгінде барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналған.

«Шалқыма» биімен ашылыған әдеби-сазды кешті М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері «Ғашықпын», «Жоқ дәрігер» сынды сахналық көріністерімен жалғады, медициналық университетінің студенті Қ.Ерасыл «Шеше сен бақыттысың, жыламағың», «Есіңе мені алғайсың» әндерін нақышына келтіре орындап, тыңдарман жүрегіне жеткізе білді. №16 мектептің оқушылары ақын өмірінен сыр шертіп, әдемі жырларымен шашу шашып, кеш қонақтарын бір серпілтіп тастады.

«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылып, қыран тағдырлы ақынның өмір жолын бейне-презентация арқылы жеткізді.

Кеш куәгерлері қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны мен шығармашылығына тағы бір мәрте қанықты.

Поделиться материалом
Яндекс.Метрика
Copyright © 2007-2019
8985939