Жұрт  жадында жаңғырған есім: ақпарат сағаты

16 мамыр  күні Абай кітапханасының қызметкерлері  Семей қалалық көпсалалы колледжінде мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 120  жыл толуына орай «Жұрт  жадында жаңғырған есім» атты ақпарат сағатын өткізді.

Қазақ елінің нұрлы болашағы үшін күрескен аяулы тұлға, үлкен жүректі ұлт жанашыры Жанайдар Сәдуақасов қысқа да қызықты, өнегелі өмірінде еліміз дамуының барлық саласында игі істерінің ізін қалдырған. Қуғын-сүргін құрбаны,  ұлт зиялысы Жанайдар Сәдуақасовтың жарқын істері, қайраткерлік қызметі жайлы біздің кітапхананың сирек басылымдар қорындағы жәдігерлер сыр шертеді.

Шараға қатысушы жас буын өкілдері кітапханамыздың сирек қорында сақталған, Жанайдар  Сәдуақасов бас редакторы болған республикалық газет «Еңбекші қазақ» және «Большевик Казахстана» журналдары, сонымен қатар ол іргесін қалап, өзі ұйытқы болып  ұйымдастырған «Қазбаспа», «Қазтехбаспа», «Партбаспа» мен «Огиздің» баспа  кітаптары мен ұлт зиялысы Ж.Сәдуақасұлының жаңадан баспа көрген төл туындысы «Таңдамалы шығармалар жинағымен» танысу мүмкіндігіне ие болды.

Шараны  Ж.Сәдуақасұлының өмірі мен қызметіне арналған  «Алаштың жарық жұлдызы»  атты слайд шолуы қосымша  ақпараттармен толықтырды. Шараға қатысушы жастар Жанайдар Сәдуақасов тұлғасы жайлы өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

 

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8023536