Наурыз - береке, Наурыз - мереке!

Жыл басы саналған Үлыс күні қазақ үшін әрқашан қасиетті, киелі. Әдетте осы күні адамдар жаман пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, әр отбасына «Құт-береке, бақ-дәулет, ырыс-береке әкелсін!» деп тілек тілеген. Күн мен түннің теңесуі кезінен басталып, ай бойы тойланатын Наурыз мерекесін 13- сәуір күні кернейлетіп, сырнайлатып өткізген  Шығыс Қазақстан өнер музейі жиналған көпшіліктің көңілін көтеріп, бір сергітіп тастады.

Күннің жылы шуағы мен күйтабақтан төгілген әсем әуенді еліте тыңдаған жиналған көпшілік көрерменді:

- Уа, жараңдар, жараңдар,

Бәрің бері қараңдар!

Жауқазындай Ұлыстың

Ұлы тойын бастайық!!!

– деп музей ауласын жаңғырта саңқылдаған жүргізушілер – музей қызметкері Мадина Черубаева мен облыстық жастар театрының режиссері Айдын Салбановтың ашық та ақжарқын дауыстары  бір сәт жалт қаратып, халықтың назарын өздеріне аударып алды.

    Күміс көмей әнші, музей қызметкері Рабиға Файзрахманованың «Наурыз - көктем» әнімен басталған мерекелік шара «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, ата-бабаларымыздың  ұлағатты дәстүрі - көшеттер отырғызумен жалғасты. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мирас Жұмағұлов, мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық драма театрының директоры Дінмұхамет Ұябаев,  облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің өкілдері, облыстық және қалалық кітапхана өкілдері, суретшілер Николай Аштема мен Гүлнар Бекбердинова, қалалық жастар мәслихатының өкілдері Аян Қалымбет, Ксения Кожевникова, тағы басқалар музей ауласына атаулы шыршалар отырғызу құрметіне ие болды.  

Одан соң музейдің музыка залына шақырылған қонақтарды музейдің арнайы шақырылған құрметті қонағы, Өскемен қалалық қазақ тілі қоғамының төрайымы Роза Дәуітова Жаңа жылға деген жақсы тілекпен, қазақы дәстүрмен шашу шашып қарсы алды. Мерекеге жиналған қауымды сахна төрінен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мирас Жұмағұлов құттықтап, жылы лебізін білдірді, «Алтай» фольклорлық ансамблі мен «Ақниет» әжелер ансамблі ән мен жырға бөлеп, көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.

Көп жерлерде енді ғана жандана бастаған ұлттық ойындарымыздың бірі - «Жілік сындыру» ойыны басталғанда мерекенің көрігі одан сайын қыза түсті. Бұл ойынға  қатысқан бес жігіттің ішінен ірі қараның ортан жілігін бір ұрғанда қақ бөлген ШҚМУ 3-курс студенті Рамазан Зейдалиев жеңімпаз атанып, көрермендердің құрметіне бөленді. Одан соң сахнаға «Қол күресі» бойынша жаттықтырушы, Қазақстан спорт шебері, бірнеше мәрте республика шебері Әйгерім Тоқтарова көтеріліп, білек күштерін сынап, сайысқа түскен жігіттерге төрелік етті. Жарыстың бұл түрінен қаладағы № 15 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аят Нәзіровқа шақ келер ешкім болмады.

Өзінің мың бұралған «Қазақ биімен» тәнті еткен Нұрғалиев колледжінің оқушысы Алина Куриленко мен ШҚМУ 3-курсының студенттері – ағайынды Ердос пен Елдос Бұланбектердің әуелете шырқаған «Қазақ елі» әнімен жігерлендірген өнерлеріне залдағы қауым сүйсіне қол соқты. 

Халқымыздың тағы бір игі дәстүрі – халыққа танымал ақсақал адамның жастарға беретін ақ пейілді батасы. Шараны жүргізушілер Өнер музейінің құрметті қонағы – ҚР білім беру ісінің үздігі, Күршім ауданының Құрметті азаматы, танымал қаламгер Советхан Қалиғожиннан бата сұрады. Ақсақалдың ақ батасынан кейін сөз алған Өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызы Ұябаева музей қонақтарын мерекемен құттықтап, келгендеріне өзінің ризашылығын білдірді, ойын жеңімпаздарына дипломдар, бірқатар адамға Алғыс хаттар мен кітаптар тапсырды.

Қонақтар музейдің салонында  арнайы мерекеге жайылған дастархандағы Наурыз көжеден, ұлттық тағамдардан дәм татты. Содан соң жүргізушілер мерекеге келген көрермендерді музейдің екінші қабатына - жас суретшілер туындыларының көрмесіне, скетчинг техникасымен орындаған шеберлік сыныбын,  балалардың шығармашылық көрмесі мен аквагример шеберлерінің өнерлерін  тамашалауға шақырды.

Бұл жерде енді басқа жүргізушілер – Әсем Бақытжанқызы мен Лариса Мартынова көрермендерге көшбасшылары Ольга Чавкина жетекшілік ететін жеті жас суретшінің әртүрлі техникамен салынып, көрмеге қойылған отыз үш жұмысымен таныстырды.

Бұл залда негізгі мамандығы инженер-гидробиолог,  жас суретші  Елена Брагина өнер сүйер қауымға сулы акварельмен сурет салудан шеберлік класын өткізсе, тағы бір жас қылқалам шебері Марина Петрова бүгінгі күні  дизайнерлер, архитекторлар, менеджерлер мен психологтар арасында кеңінен танымал графиканың бір түрі скетчингпен (ағылшыншадан аударғанда – «эскиз»)  таныстырды. Ал Ольга Плотникова «Тез портрет» жанрында қатысушылардың портреттерін салып, өз шеберлігін паш етті. 

Сурет көрмесіне қатысқан барлық суретшілерге арнайы сертификаттар тапсырылып, аға буын суретшілерінің атынан танымал қылқалам шебері Николай Павлович Аштема жас әріптестеріне ақ жол тіледі.

Мадина Черубаева,

ШҚ Өнер музейінің бөлім меңгерушісі

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8215396