Кенигсберг шайқасының соңғы жауынгері

2000 жылдан бастап Шығыс Қазақстан өнер музейінің ұжымы жыл сайын 9-сәуірде – Кенигсберг қала-қамалын (қазір – Калининград) неміс фашистерінен азат еткен күні, сол қала үшін шайқасқа қатысқан өскемендік Ұлы Отан соғысының ардагерлерін шақырып, қонақ етіп, құрметтеп келеді. Ең алғашқы сондай кездесуге келген 37 адамнан, жыл өткен сайын азая келе, міне, он сегіз жылдан соң сол сұрапыл шайқасқа қатысқан жауынгерлерден жалғыз адам – отставкадағы полковник, «ІІМ Құрметті ардагері», «Өскемен қаласының Құрметті азаматы», Күршім ауданының тумасы Құрмат Ыдырышұлы Рахимов қалған екен.
Көп жылдар бойы қалыптасып қалған игі дәстүрді бұзбай, 9-сәуір күні ШҚ Өнер музейінің директоры Бекайым Қасымханқызы Ұябаева, музей қызметкерлері Нина Михайлова мен Светлана Перова тоқсан төрт жастағы ардагерді үйіне барып құттықтап қайтты. Олар Құрмат ақсақалдың айтқан өзінің өмір жолы мен майдан әңгімелерін қызыға тыңдады.
- Мен Құрмат атаның еске сақтау қабілетіне қатты таң қалдым, - дейді барған қонақтардың бірі Нина Николаевна, - ол басынан өткізген оқиғаларының барлығын қай жылы, қай күні өткендігіне дейін айтып отырды.
- Мен әскерге педагогика техникумында оқып жүргенде шақырылдым, - дейді ардагердің өзі, - сондықтан да мектепте жұмыс істеу менің маңдайыма жазылмапты. 1943 жылдың соңында Москва түбіндегі Кунцево қаласындағы оқу пунктіне әкеліп, сержанттыққа оқытып, майданға жіберді. Құрмат Рахимов барған әскери бөлім Россия мен Белоруссияның шекарасында екен. Шайқаса отырып олар бүкіл Белоруссияның, Литваның, Шығыс Пруссияның жерлерін азат етіп, соғысты Кенигсбергті алумен аяқтады.
Германия қолбасшылығы Кенигсберг қала-қамалын қорғанысқа мықтап-ақ дайындапты. Қалада жер асты заводтары, қару-жарақ қоймалары бар екен де, сыртында төрт белдеулі мықты қоршаулар жасалыпты. Қаланың ортасында мызғымастай қамал тұр.
Қала-қамалға шабуыл мықты артиллериялық дайындықпен 6-сәуірде басталды. Түстен кейін танкілер мен жаяу әскерлердің шабуылы басталды.
Жан алысып, жан беріскен бұл сұрапыл шайқас үш күнге созылды. Ақыры не керек, 9-сәуірде совет әскерінің тегеурініне шыдамаған неміс гарнизоны тізе бүкті.10-сәуірде қамалдың төбесінде Жеңіс туы желбіреді.
Соғыстан кейін Украинадағы Каменск-Подольск әскери училищесін бітіріп, Түрікменстан - Иран, қазақ - қытай, кеңес - жапон шекара бөлімдерінде қызмет етті. Әскерден қайтқан соң Өскемен қаласына келіп облыстық ІІБ бастығының орынбасары болып қызмет істеді.
«За отвагу», «За боевые заслуги», «За взятие Кенисберга» медальдарымен марапатталған. Қазіргі уақытта Құрмат аға Өскемен қаласы ІІБ жас офицерлерінің тәлімгері болып табылады. Өскемен қаласының студенттері мен жастары арасында үлкен патриоттық жұмыстар жүргізеді. 2015 жылғы 4 мамырда белсенді қоғамдық-саяси қызметі, қаланың жас ұрпағын патриоттық тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін «Өскемен қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Құрмат аға шығармашылықпен де айналысып, «Родился в Курчуме», «Наедине с памятью» және «И это все о Ней» атты үш кітап жазып, баспадан шығарған. Музей қызметкерлері қызықты да тағлымды әңгімесі үшін және өздерін жылы қабылдағаны үшін ардагерге ризашылықтарын білдіріп, сый-сияпат жасап, мықты денсаулық тіледі.

Светлана Перова,
сотрудник ВК музея искусств

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8215394