Рухани жаңғыру: «Ән әлемінің жарық жұлдызы»  Ә. Қашаубаевтың 130 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш

 2018 жылы 5 сәуір күні, сағат 15.00-де  А.С.Пушкин атындағы ШҚ облыстық кітапхананың мәжіліс залында қазақ халқының дүлдүл әншісі Әміре Қашаубаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған «Ән әлемінің жарық жұлдызы» атты әдеби-музыкалық кеш өтеді. 

Әміре Қашаубаев – елден асқан өнерімен туған халқының даңқын төрткүл дүниеге паш еткен, өз ұлтының атынан Париждің, Германияның Франкфурд қаласының атақты театрларының сахнасында ән салып, Еуропаның талғампаз қауымын сүйсіндірген дара тұлға. 

Қазақ өнерінің мақтанышы болған Әміре Қашаубаев – Семей облысының Қарқаралы оязына қарасты Дегелең болысында 1888, тышқан жылы дүниеге келді. Әміренің әншілік қырының қалыптасуына анасы Тойғанның әсері ерекше болды. Қаршадай баланың домбыраға әуестігінен, әндеткен ыңылынан үміт күткен, алғаш рет батасын берген сол ортаға белгілі ақын Жанақ қарт еді. Жастайынан әншілік өнерпаздығымен жұрт аузына ілігіп, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекеулік Майра Уәлиқызы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 

Мұхтар Әуезов өзінің Әміре жайындағы естелігінде: «Әміре қайдағы бір «арық» әндерді де «семіртіп» жұтындырып, құлшындырып жіберетін. Кәдімгі ауылда өзіміз естіп, менсінбей жүретін әндер, Әміренің аузына түскенде, құлпырып сала беретін еді. Бұл жағынан Әміре тек орындаушы емес, композитор да еді, ол әндерді шын мағынасында өңдеп жіберетін еді» - деген екен. 

Музыкалық кештің негізгі қонақтары Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әншілері. Әншілер Берік Омаров пен Мерамбек Ахметов көрермен қауымға Әміре Қашаубаевтың репертуарынан әндер ұсынады. 

Сондай-ақ, басқосуда 130 жылдық тойының алдында кітапхана қорына келіп түскен Жарқын Шәкәрімнің жуықта жарық көрген «Амре в Париже: Историко-биографический очерк о трагической судьбе выдающегося казахского тенора Амре Кашаубаева» бір тамаша туындысы қонақтарға таныстырылады. Сонымен қатар кітап авторының бейне жолдауы және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген «Әміре» фильмінен үзінді көрсетіледі. Басты рөлдерді танымал отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (М.Шоқай) сомдаған жаңа түсірілім дәл сол күні - 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады. 

Сондай-ақ Ә. Қашаубаевтың өнері мен шығармашылығы туралы кітап көрмесі ұйымдастырылады. 

Іс-шараға өнер сүйер қауым, студенттер мен мәдениет қызметкерлері, жерлес ақын-жазушылар, журналистер шақырылады.

 

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8215704