«Рухани жаңғыру: «Абай» журналына– 100 жыл»

2018 жылы 16 наурызда, сағат 15.00 де А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Болашаққа бағдар - Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Абай» журналының 100 жылдығына арналған әдеби-тарихи кеш  өтеді

Кеш қонақтары  «Абай» журналының ұжымының редакторы Мұратбек Оспанов және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің PhD докторанты, ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдарының тарихын зерттеп жүрген  Алтын Ақынбекова және осы оқу орынының оқытушысы Бакенова Ризагүл. Қ. Мұхамедханов атындағы білім мен  мәдениет орталығының» директоры Дина Мұхамедхан онлайн-байланысқа шығады.

 «Абай» журналының негізін қалаушы Ж. Аймауытов басылымның алғашқы санында: «Әдебиетіміздің негізін салған – Абай. Адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап тексерген де Абай. Ол философ, гуманист, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, композитор, ағартушы, қазақтарды оқу мен білімге шақырған ...», – деп жазған екен. Сонымен, қазақ халқының әдеби, мәдени өміріндегі Абайдың рольі айқындалып, журналды «Абай» деп атаған.

1918 жылы 4 ақпанда алғашқы саны жарық көрген журнал қоғамдық  және рухани өмірдің өзекті мәселелерін көтеріп, әдебиет, банк ісі,  әлеуметтік жағдай, әйел мен ер адамның қарым‑қатынасы т.б. туралы ой қозғады. Журналдағы мақала авторлары – өз заманының озық ойлы азаматтары, көбі Алашорда қайраткерлері: Шәкәрім Құдайбердиев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Тұрағұл Құнанбаев, Мағжан Жұмабаев, Ыдырыс Мұстанбаев, Тұрар Рысқұлов, Халел Досмұхамбетов т.б. Журнал қызметіне Мұхтар Әуезов те белсене араласты.

Тәуелсіздік алдындағы кезеңде, яғни 1992 жылы абайтану ғылымының негізін салушы, текстолог, М. Әуезовтың үзеңгілес інісі – Қайым Мұхамедханов әріптесі Рысхан Мусинмен бірлесе отырып, «Абай» журналын қайта жаңғырту туралы бастама көтерген.

Ұзақ уақыт бойы «Абай» журналының 11 саны ғана жарық көрді деген пікірлер қалыптасқан. Ал өткен жылы Алматыдағы М. О. Әуезов атындағы мұражай үйінен «Абай» журналының 12-саны табылды. «Абай» журналының 12-санының толық нұсқасын тапқан  ХХ ғасыр басындағы қазақ журналдарының тарихын зерттеп жүрген  Алтын Ақынбекова осы туралы айтып береді. 

Пушкин атындағы кітапхана  пайдаланушылар назарына  екі тілді республикалық  «Абай» журналының 1992 жылдан бергі электронды нұсқасын «Біздің Абай» электронды кітапханасында ұсынады. (http://abai.pushkinlibrary.kz).

Іс-шараға оқытушылар – филологтар, тарихшылар, студенттер, мұражай, мұрағат, кітапхана қызметкерлері, ақын-жазушылар, журналистер шақырылады.

 

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8388085