Әнді арманына айналдырған ару

Музыканы  бағалай білетін, оны сүйіп тыңдайтын қала тұрғындары мен қонақтары  2-наурыз күні кешкілік  Шығыс Қазақстан өнер музейіне көп жиналды. Мұнда   облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, әнші Шолпан Лақаеваның «Әнім - арманым» атты мерейтойлық шығармашылық  кеші өткізілді. Жиналған жұртшылық алдында мерейтой иесі мен басқа да әншілер Қазақстан композиторларының әндері мен халық әндерін орындап, кеш иесінің шығармашылығымен жан-жақты танысты.

Шолпан Кеңесханқызы 1963 жылы 20-ақпанда   Тарбағатай ауданының, Шілікті ауылында дүниеге келген. Жастайынан музыкаға, әдебиетке  әуес болып өскен Шолпан ән айтып, әңгіме, өлең оқуға құмар болады. Мектепте, институт қабырғасында жүргенде де  ән  оның өмірлік серігіне айналады. «Есімді білгелі ән салып жүретінім есімде, - дейді Шолпанның өзі, - жаныма өзімдей ұсақ қыздарды ертіп алып, сахна-шеңбер жасап ән салып, үйдің артындағы көлеңкеде үнемі концерт қойып ойнайтынбыз. Мектепке барған соң да, институт қабырғасында жүргенде де ән менің өмірлік серігіме айналды».

Семей қаласындағы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының «Музыка және ән» бөлімін бітірген соң, Зайсан қаласындағы балабақшада музыка жетекшісі, Ақсуат ауылындағы музыка мектебінде, Аягөз қаласындағы «Өнер» мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. Үш жылдай Семей қалалық мәдениет үйінде, 2009-2011 жылдары ШҚМУ «Жастар саясаты» орталығында әдіскер болып қызмет атқарады. Орталықтың мақсаты - өнерге жақын студент жастардың басын қосу, соған лайық түрлі бағдарламалар жасап, оларды тарту болды. Мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне, қазақ өнерінің өркендеуіне, ақындар шығармаларын насихаттап, жырқұмар студент ақындардың шеберлігін жетілдіру, жастардың рухани өмірге белсене араласуына қолдау көрсету болатын. Сонда жүргенде ол «Шәмші әндері», М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Поэзия — сен менімен егіз бе едің» атты тыңдарман қауымның рухани жан-дүниесін байытатындай тартымды кештер өткізді.

Шолпан Кеңесханқызы әнші ғана емес, өлең мен прозалық шығармалар жазатын қаламгерлік қасиеті де бар.  Ол жазғандары республикалық әдеби – көркем «Театр kz» журналында, облыстық «Дидар», «Алдаспан» және «Менің өлкем» газеттерінде жарияланып тұрады. Қоғамдық жұмыстары да аз емес, ол 2012 жылдан  Қазақстан Театр қайраткерлері одағы жергілікті ұйымының төрайымы, облыстық  «Ақ әжелер» клубының мүшесі.

Кеште мерейтой иесі казіргі композиторлардың  әндері мен қазақтың халық  әндерін шырқап, өлеңдерін оқып, шығармашылығы туралы қызғылықты әңгімелеп берді. Туыстары мен достары, әріптестері өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, немерелері әжелеріне арнап тақпақтар оқыды. Облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеев Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың атынан құттықтап, мерейтой иесіне одақтың Құрмет грамотасын тапсырды.

Мадина Черубаева,
ШҚ өнер музейінің бөлім меңгерушісі

 

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8109881