Өнер – менің өмірім: виртуалды көрмеге саяхат

Абай атындағы кітапханада 11 қаңтар күні тума талант, көп қырлы актер, ақын, сазгер Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген әртісі Болат Күнтуұлы Сыбановтың туғанына 80 жыл толуына орай әншінің өмірі және шығармашылығына арнап «Өнер – менің өмірім» атты виртуалды көрмеге саяхат ұйымдастырылды.

Көрме «Өмірдерек», «Сөнбейтін шамшырақ», «Әнім бақытым», «Арнаулар», «Естеліктер», «Сағынды елің үніңді», «Есте қалған тұлға», «Мәңгі бейне», «Құжаттар» және т.б. бөлімдерден тұрады.

Көрменің «Өмірдерек» бөлімінде әкеден ерте жетім қалып, анасына көмектесуді ойлап, ерте еңбекке араласып кеткен Болат Сыбановтың өмір жолы берілген. Бар өнерін халқына арнаған әншінің шығармашылығы туралы мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалардың толық мәтіні көрменің «Сөнбейтін шамшырық» бөлімінде орналасқан. Е.Рахимовтың, М.Әлімбаевтың, А.Манабаевтың, Ибраевтың, Т.Теңізбаевтың, айтыскер ақын Д.Омарбаеваның әншіге арнаған өлеңдерін  виртуалды көрменің «Арнау»  бөлімі  ұсынады.
Қазақ әндерін жанымен сүйетін тыңдаушы қауым, көрменің «Әнім – бақытым» бөлімінен, әншінің көзі тірісінде  жарық көрген «Өнер – менің өмірім» атты шығармашылық жинағының толық мәтінімен таныса алады. Қазақстанның халық әртісі Б.К.Сыбановтың өмір жолында, өнер жолында сапарлас болған көз көргендер жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың, жары Ү.Қ.Сыбанованың және әншінің  дос, қызметтес болған әріптестері мен өнер зерттеушілерінің тебірене, толғана сыр шерткен бейнежазбалары «Есте қалған тұлға» бөлімі арқылы берілген.  

Шараға қаламыздың еуразиялық техникалық колледжінің студенттері қатысты. Б.Сыбановтың жары Сыбанова Ү.Қ. естеліктерімен бөлісіп, студенттерге әнші туралы тартымды ақпараттар берді. Кітапханамыздың тұрақты оқырманы Кәкібаланов К. әншінің шығармашылығы туралы өз ойын білдіріп, әндерін сүйіп тыңдайтынын айтты.   Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Түктібаев Бақытжан Б.Сыбановтың бірнеше  әндерін нақышына келтіре орындады. Қатысушылар назарына «Өнер – менің өнерім» көрмесі ұсынылды.

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2018
8215381