Қылқалам шеберінің жеке көрмесі

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде 29 қараша күні сағат 16. 00-де КСРО және Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, есімі еліміздің өнер сүйер қауымына кеңінен танымал Николай Павлович Аштеманың Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Менің Отаным - Қазақстан» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Жиынның басында қылқалам шебері туралы түсірілген бейнефильм көрсетіліп, Мұқан Төлебаев атындағы вокалистер байқауының лауреаты Гүлнар Перкованың орындауында украин халық әні «О рушнике» шырқалды.

Өскемен суретшілерінің арасында Николай Павлович Аштеманың есімі ерекше және лайықты құрметке ие. Ол – мэтр, кәсіпқой, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, шығармашылық тоқырау дегеннің не екендігін білмейтін кескіндемеші және график. 1986 жылы Н.П.Аштема Бакуде өткен «Каспий маңы республикаларының биенналесі» халықаралық байқауының лауреаты атанады, ал 1986 және 1987 жылдары оның жұмыстары Мәскеуде өткен көрмеге қойылады. 1991 жылы оның картиналары Харьковте өткен халықаралық графика және плакаттар көрмесінде, 1993 жылы Торонтодағы миниатюралар көрмесінде атап өтіледі. 1987 жылы Николай Павлович КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Содан бері оның өмір жолында қаншама көрмелер болды десеңізші! Тек Алматыда ғана жиырмадан астам көрмеде оның экспозициялары көрсетілді. 2003 жылы ол шығысқазақстандықтар арасында бірінші болып Президенттік мәдени орталығында (Астана) өзінің жеке көрмесін ашты.

Жалпы, қылқалам шебері өзінің әрбір мерейтойын жеке сурет көрмесін өткізумен атап өтіп келеді. Биылғы көрмесі суретшінің жетпіс бес жасқа толуына арналып отыр. Өзінің дүниетанымы мен шығармашылық өлшемін көрсететін бұл көрмесін суретші «Менің Отаным – Қазақстан» деп атады. Осы орайда, бұл көрменің Тұңғыш Президент күніне арналып отыруының кездейсоқтық емес екендігін, экспозицияның  көрме мазмұнына сәйкес келетінін айта кету керек.  Еліміздің бүкіл қоғамдық және саяси өмірінің реформаторы ретіндегі мемлекет басшысының образы көптеген жылдардан бері суретшіні толғандырып келеді, ал Н.Ә.Назарбаевтың портретін ол бірнеше рет салып, оқтын-оқтын түзетулер енгізіп отырды. . Көрмеге келушілер «Өзгерістер желі. 90-шы жылдар» аталатын сол жұмыстың бір нұсқасын тамашалады.

Николай Павлович Аштема – Украинаның тумасы. Ол 1942 жылы 5-желтоқсанда Кировоград облысының Червонная Долина селосында туғанымен, суретшінің бүкіл шығармашылық ғұмыры Қазақстанмен байланысты. 1979 жылы ол Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесін бітіріп, Өскемен қаласына келеді. Осындағы көркемсурет-өнеркәсіптік шеберханаларында Л. Агейкин, П. Шишов, В. Рапопорт, Б. Французов, Г. Мерқасимов сынды қылқалам шеберлерімен бірге жұмыс істеген. 1980 жылдан қазірге дейін ол ересектерге арналған бейнелеу өнері студиясына жетекшілік етеді. Николай Павлович Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің, Шығыс гуманитарлық институтының, Шығыс Қазақстан аймақтық университетінің студенттеріне сурет және кескіндемеден сабақ берген.

Салтанатты кеште  облыстық мәслихат аппаратының жетекшісі А.Шалабаев облыс әкімі мен облыстық мәслихат хатшысының мерейтой иесіне арнаған Алғыс хатын тапсырды, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары И.Ф.Смит, ШҚО халықтары Кіші ассамблеясының хатшысы А.Нұрғазиев құттықтады, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты мен Қазақстан Суретшілер одағы төрағасының Құрмет грамотасы оқылып, кеш иесіне табыс етілді. басқа да ресми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тарбағатайлық Ә.Шоқанов, Шәкәрім атындағы Семей университетінің кафедра меңгерушісі М.Мырзақанов, Қазақстан Суретшілер одағы Семей филиалының директоры Т. Жұбанышев сынды суретші әріптестері, достары құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Өскемендік өнер сүйер еңбек ардагері Алдияр Әубәкіров суретшіні құттықтап, оның иығына шапан жапты.  

Бұл көрме – суретшінің көпжылдық шығармашылық және педагогикалық қызметінің қорытындысы. Үш залда әр жанрдағы кескіндеме және графикалық жұмыстары орналасқан. Көрермендер портреттер, пейзаждар, натюрморттар, сюжеттік суреттерді қызыға тамашалады. Олардың көпшілігі алғаш рет қойылып отыр. Суретші әлі күнге дейін баспа станогы мен литография, офорт, меццотинто сияқты баспа графикасының көне тәсілдері мен құпияларын сақтап келеді. Гуашь – оның пленэрдегі жұмыс кезінде қолданатын сүйікті техникасы. Суретшінің акварелі мен пастелінің айқындығы мен көркемдігі оның майлы бояуының сапасынан ешбір кем емес. Н.П.Аштеманың кезкелген жанрдағы шығармалары өте жоғары деңгейде салынған. Алайда, оған нағыз танымалдылықты оның патриоттық тақырыптағы жанрлық картиналары әкелді. Оның «Томирис ханшайым», «Рүстем батыр», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Хан көтеру»,  «Наурыз мерекесі» сияқты туындылары көрерменге жігер беріп, рухын асқақтатады. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған  республикалық графиктер байқауында бірінші орын алған сол картиналары үшін суретші үкіметтік наградалармен - «ҚР Суретшілер одағының 80-жылдығы» медалі мен Әбілхан Қастеев атындағы медальмен атап өтілді. 

Кешті «Жас қанат» вокалистер байқауының лауреты Ермек Байзақов  өзінің әсем әндерімен әрлеп отырды. Мерейтойлық кешті қорытындылаған өнер музейінің қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтмұхамбет Қасымов суретшіге өзінің тілегін айтып, музей әкімшілігі мен ұжымының атынан сый-сияпат тапсырды.

Лариса Мартынова, ШҚӨМ қызметкері

 

Поделиться материалом
Copyright © 2007-2017
7515125